AKӘкежан Қажыгелдин Қазақстандағы қазіргі экономикалық дағдарыстың себептерін талқылап, одан шығудың тиімді жолдарын ұсынады

Қазақстандық басқарушы орындардың санасында елге қажетті заттардың бәрін: тауарларды, капиталды, жаңаша ой-пікір, тіпті кеңесшілерді де шетелдерден әкелу керек деген ұғым талай жылдан бері қалыптасып қалған. Сондықтан елді жаппай шарпи бастаған дағдарыс та шетелден келгеніне ешкім күмәнданған жоқ. Өйткені шетелде мұнай бағасы біртіндеп түссе, біздің елде доллар бағасы күрт өсіп кетті. Олардың даму деңгейі сәл ғана төмендесе, біздің ел жылдам құлдырай бастады...

Дегенмен де, бұлайша өз-өзіңді алдауға болмайды. Біріншіден, Қазақстандағы дағдарыс жергілікті жағдайдан туындаған және өзіндік ерешелігімен сипатталады. Бұл басқа шет мемлекеттерде болып жатқан дағдарыстарға мүлде ұқсамайды. Екіншіден, үкімет басшылары сендіргендей, бұл қайталанып тұратын экономикалық құбылыс емес, бұл – ұзаққа созылатын дағдарыс. Сондықтан да одан шығудың тиімді жолдарын дереу қарастырып, нақты шешім қабылдауымыз керек.

Мәңгілік дағдарыстың болуы мүмкін емес, деп президент Н. Назарбаев дұрыс айтады. Алайда «ол дағдарыс өз-өзінен жойылып кетеді» деп күтіп отыруға тағы болмайды. Шетелдер тәжірибесі көрсеткендей, Аргентина мен Грекия еліндегі сияқты дағдарыс ұзаққа созылуы да мүмкін. Грекияның бағына қарай, ол еуроаймақ мүшесі болғандықтан, оған Батыс ынтымақтастық қауымдастығы көмектеседі. Ал бізге қол ұшын беретін ешкім жоқ, сондықтан да тек өз күшімізге ғана сенуге тура келеді.

Теріс бағытты пойыз

Дүниежүзілік және қазақстандық экономиканың 15 жыл бойғы жан-жақты қозғалысының нәтижесінде осындай дағдарыс туындап отыр. Мәнерлеп айтар болсақ, біздің пойыз дүниежүзілік көштен әлдеқашан артта қалып қойған, тіпті қарама-қарсы бағытта кетіп барады десе де болады.

2000-жылдардағы дүниежүзілік тренд жаңару үрдісінің шапшаңдығымен, шешімді құрылымдық өзгерістермен, жоғары технологиялы салалардың қарқынды дамуымен және сәйкесінше қосымша құн үлесінің жоғарылауымен түсіндіріледі. Ал соңғы он-он бес жылдан астам уақыт аралығындағы жергілікті көрсеткіштер ретінде құрылымдық өзгерістерден бас тарту, кен игеру мен оны өңдеу саласындағы өзара сәйкессіздік және шикізатты шығару үшін қойылатын мөлшерлеме алынады. Осы жылдар көлемінде шикізат бағасы үнемі жоғары болды. Десе де, дүниежүзілік нарықтан түскен қаржы экономикамызды ақырын-ақырын өзгертетін сияқты болып көрініп еді. Бірақ, өкінішке орай, еліміз экономикалық тұрғыда көтеріле алмай, құлдыраған үстіне құлдырай түсті.

Ал қазіргі етек жайып отырған дағдарыс елімізде сонау 90-жылдарда болып өткен дағдарыстан әлдеқайда қауіпті. Ол кезде халықтың басым көпшілігі жұмыссыз қалып, еріксіз дағдарысқа ұшыраған еді. Алайда нарықтық экономика өз үстемдігін жүргізіп, дағдарыстан аман шығуға мүмкіндік беріп қана қоймай, тіпті халықтың тұрмыстық деңгейін түбегейлі өзгертуге де септігін тигізді. Жұрт жаңа өмір талабына біртіндеп бейімделе түсіп, тәуелсіз мемлекеттің болашағына зор сеніммен қарады. Сонау 90-жылдардың орта шенін еске түсірейікші: елімізде түбегейлі өзгерістер орын алып, тек келешекке ғана үміт артып, жақсылық нышанын тек алдағы өмірден ғана күтіп едік. Оның үстіне елде кедей-кепшік көп болмаса да, дербес өмір сүріп жатқан, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын қаншама тұрғындар болды...

Қазір халықтың психологиялық жағдайы әжептәуір өзгерген. Елде шенеуніктер мен бизнесмендерден құралған өте бай адамдар тобы тұрақты түрде қалыптасып, олардың көпшілігі үкіметтегі жылы орындарға әлдеқашан жайғасып алған. Сөйтсе де, өте бай адамдар мен кедейшілікте өмір сүріп жатқан адамдардың саны күн санап өсуде. Бұл, әрине, елде қылмыскерліктің артып, экстремистік топтардың пайда болуына, соның нәтижесінде тұрақтылықтың жойылуына әкеп соқтыратыны сөзсіз.

Әсіресе белгілі бір кәсіби мамандықпен шұғылданып жүрген жандарға елдің экономикалық жағдайы қатты әсер етуде, алып отырған айлық нақты жалақы мен табыс көзі бірден жартылай қысқарып, барлық салаларды жұмыссыздық жайлап барады. Олар бұрынғы 90-жылдардағыдай кәсіпкерлікпен шұғылдануға бара алмайды, өйткені экономиканың бұл саласы да әбден тұмшаланып, жемқорлыққа белшесінен батып отыр: бизнес ашу жолдары кедергіден кедергіге тап болып, әсіресе несие алу қол жетімсіз болып барады, оның үстіне қазақстандық сот пен заң қазір тек байларға ғана қызмет етіп, солардың ғана мүддесін қорғайтыны белгілі.

Міне, осының бәрі айналып келгенде, елдегі экономикалық дағдарысты саясиландырып отыр. Бұл жағдайда билік пен халық бір-біріне сенім артып, бір-біріне қолдау көрсетіп отыр деуге мүлде болмайды. Мұны әсіресе халықтың әлеуметтік желілер арқылы білдіріп отырған наразылығы мен көңіл-күйінен аңғаруға болады, алайда онда да қоғамдағы барлық топтар түгелімен көрсетілмеген. Десек те, республикамызда орын алып отырған қазіргі экономикалық жағдайға көңілі толмай, наразылық білдіріп отырған адамдар саны билік партиясының соңғы съезіне (есеп бойынша жиырма жетінші) қатысқан адамдар санынан мыңдаған есе көп екені бесенеден белгілі.

Елдегі геосаяси тұрақтылық кенеттен бұзыла бастаған сәтте әлеуметтік дағдарыс та тек біздің өңірде ғана емес, бүкіл дүние жүзінде тұтастай қоғамды одан бетер салғырттыққа сала бастады. Алға қарай шешуші қадам басып, дүниежүзілік тұрақты даму сатысына көтерілуге Қазақстанның мүмкіншілігі бола ма, жоқ па?! Еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығын сақтап қалу, міне, дәл осы шешуші нақты қадамға байланысты. Бұл – мемлекетіміздің бүгінгі таңдағы ең басты мәселесі, ұлттық идеясы десе де болады. Мен бұл туралы президент Н. Назарбаевқа талай рет айтқан болатынмын. Әрине, бұл мәселе тез шешілуі үшін, оған президенттің көзқарасы, қолдауы өте қажет. Оның үстіне Қазақстанның осы дағдарыстан қалай және қандай жағдайда шығуы – жақын арада Н. Назарбаевтың қандай шешім қабылдап, қандай қадам жасауына тікелей байланысты. Егер де ол алға қарай нық қадам жасамай, жартылай ғана тиімсіз қадам жасаса, онда, сәйкесінше, дағдарыстан шығу жолы өте қауіпті, әрі тәуекелділігі де өте жоғары болмақ. Онда елімізді жетілдіру мен қарқынды дамыту мәселесін шешуді алдағы ұрпақтың еншісіне қалдыратын боламыз.

БОЛМАЙТЫНДЫ БОЛДЫРУ ӨНЕРІ

Саясат – мүмкіндік өнері деген қағида әлдеқашан өзінің күшін жойған. Қазіргі заманда саясат өнері деп мүмкін емес дүниеге, жағдайға өте тың әдістермен қол жеткізу мүмкіндіктерін айтады. Ең бастысы, қытайлық саясаткер Дэн Сяопин айтқандай, өз әдет-қылықтарыңның тұтқынына түсіп қалмай, дер кезінде қорықпастан өзгере білу.

Еш қорықпастан экономикасына түбегейлі өзгерістер енгізудің арқасында Қытай мемлекеті тамаша жетістіктерге жеткенін көріп отырмыз. Әрине, бұған шетелдерден тікелей келген инвестициялардың да көмегі болды. Дегенмен де, олар экономиканы түбегейлі өзгертуге шешім қабылдағаннан кейін ғана құйылған болатын. Қазір енді Қытай мемлекеті өздерінде өндірілмейтін тауарға дейін дүниежүзілік нарыққа шығарып, алып индустриялы державалармен бәсекеге түсіп отыр.

Жалғыз Қытай ғана емес, тіпті бізге көрші орналасқан кішігірім Қырғызстан мен Өзбекстан да шетелдік инвестицияның арқасында өздерінің экономикасын түбегейлі өзгертіп, қарқынды түрде жаңаша дамып келе жатыр емес пе?! Бұл екі мемлекет те өз іштеріндегі өндіріс орындарын өркендетіп, бүгінгі таңда тіпті сонау кеңес заманында да шығармаған тауарларды, қызметтің де нешетүрлісін дүниежүзілік нарыққа шығарып отыр. Сөйтсе де олардың басшылары елдерінде ешқандай да экономикалық форум өткізбей-ақ осындай нәтижеге жетіп отыр, олар Давоста да көрінбейді...

Қытай басшылығы ешкімге де тәуелді емес, әрі кез келген жоғары мақтауға тұрарлық, десе де олар Халықаралық валюта қорының кеңесіне, көмегіне үнемі жүгініп отырады және сырттан ешқандай да эксперттерді алдыртып, біздегі «Қазақстан-2030» сияқты арнайы бағдарламаларды ойлап табуға ешқандай да қолқа салмайды.

Ал біздегі «Қазақстан-2030» бағдарламасының бірінші бөлімін энергетика нарығында түсінігі бар американдық мамандар жазғаны белгілі. Олар, әрине, өз ісінің мамандары, алайда олардың көздеген мақсаттары – мұнай, газ және құбыр тарту мәселелері... Обалы не керек, олар еліміздегі энергетика нарығының болашағын жарқын етіп механикалық түрде жобалап берді. Ал бағдарламаның екінші бөлімі – президент әкімшілігінде отырған білгішсымақтардың қиял-ғажайып еңбектерінің жемісі. Олар бағдарламаны ізгі тілектер мен алдағы күнгі тамаша жетістіктермен толтырып тастаған.

Қазіргі жетіп отырған жетістіктерден гөрі, алдағы күні не болатыны туралы білу – президентке өте қызық екенін біздің үкімет әбден түсініп алған. Сондықтан да елімізге жан-жақтан жалған экономикалық мәтіндердің нешетүрлісі сау ете түсті. Оның бәрі қасиетті кітап сияқты министрлердің үстелінен мәртебелі орын алды. Менің ондай жазбаларға сыни көзқараспен қарайтынымды президент Назарбаев жақсы біледі. Алайда бұған қарап, бізге ешқандай да бағдарлама қажет емес екен деп ойлап қалмаңыздар. Керісінше, менің ойымша, дәл қазір Қазақстанға ең басты екі бағдарлама қабылдау керек: «Тұрақтылық бағдарламасы» және «Қарқынды даму туралы бағдарлама».

Газ бен тормоз

Бұл екеуі де бізге өте қажет. Қазіргі дағдарыс жағдайында алдымен елдің шекарасы мен бюджетін, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруды қамтамасыз ету жолдарын бір ізге келтіріп алу керек. Сонымен қатар мәнін жойып алған әлеуметтік бағдарламалардан бас тартып, экономиканы жаңарту және ішкі құрылымды дамыту механизмдерін дереу іске қосу керек.

Ішкі мағынасы жағынан бір-біріне қарама-қайшы осы екі мақсатқа қол жеткізу жолдарын басқару органдарының тек біріне ғана тапсыруға болмайды. Өйткені оған жету жолында шенеуніктер бір-бірімен бәсекеге түсіп, әрқайсы өз қалауынша бірде даму жолына, бірде тұрақтылық жолына қарай ығысып кетуі мүмкін. Сол себепті де ондай жауапты істі екіжүзді орындаушыларға сеніп тапсыру өте қауіпті. Бұл жолда олар мәселені шешуге арналған арнайы талаптардан, заңдылықтардан аспауы керек.

Сондықтан да дағдарыстан сәтті шығу, әрі жаңару жолында қазақстандық экономиканы басқару үшін де екі орган қажет. Оның бірі – дәстүрлі басқару органы, яғни үкімет. Әрине, ол қазіргі құрамда емес, керісінше, тәжірибелі мамандармен, басшылармен, белгілі бір өмірлік ұстанымы мен өз ойы бар іскерлермен толықтырылған үкімет қажет. Екіншісі – Қазақстан президенті жанынан құрылған, Конституцияның заңдылықтарына сүйенетін және экономиканы жаңарту жолын мұқият қадағалайтын орган қажет.

Үкіметтің бірінші міндеті нақты айқындалған болуы керек: алдымен ақша айналымын ретке келтіріп, бюджет мәселесінде тәртіп орнату. Екіншіден, мемлекеттік шығындарды мүмкіндігінше қысқартып, қажет емес, артық шығындардан бас тарту керек. Ал біздің үкімет ақша табудан гөрі, оны қарызға алудың оңай жолына үйреніп алған. Бірақ қарызға біреудікін алғанмен, оны өзіңдікімен қайтарасың деп халық бекерге айтпайды ғой.

Орташа отбасында қаржылық тапшылық кезінде балалары жаңа велосипед сатып алып бер деп сұрамайды немесе жазғы уақытта Түркияның тамаша демалыстарына емес, керісінше, ауылға барады. Сол сияқты біздің билікке де мына тапшылық заманда талай миллиондарды сорып жатқан «ЕХРО-2017» көрмесінен бас тарту керек. Әлі кеш емес. Немесе оны жеке меншікке шартты бағаға өткізу керек, мысалы, Болат Өтемұратовтың бизнес-тобына. Тек құрылыс алаңдарының барлығын салып бітіріп, көрмені бағдарлама бойынша сәтті өткізу туралы оның алдына шарт қою керек. Ал мемлекет өз кезегінде көрмеден түскен пайдаға көз салмауға, тіпті оны салық салудан босатуға да сөз беруі тиіс. «ЕХРО-2017» көрмесі біткеннен кейін, ондағы мүліктермен не істегісі келсе, Б. Өтемұратовтың өз еркі. Ол шығынға ұшырайды деп, әрине, ойламаймын.

Мемлекет мұндай жағдайға еріксіз тап болып отырғаны сөзсіз. Алайда бұл президент маңайындағы бай атқамінерлерге бір сәт қайырымдылық көрсетуге, өзінің патриоттық сезімін білдіруге, әрі кәсіпкерлік талантының қаншалықты жоғары екендігін бағалауға мүмкіндік береді. Оның үстіне бұл билік басында отырған шенеуніктерге сабақ болар еді: олар қыруар шығынды талап ететін жобаларды ұсынғанша, бір мезгіл елдің экономикасын дұрыс жолмен дамыту шараларына көңіл бөлер ме еді?!

Таяуда президент Назарбаев біздің Модернизация туралы комиссия құру туралы ұсынысымызды қабыл алған сыңайлы болды. Кезекті президент сайлауы қарсаңында өзі осы жайлы хабарлаған болатын. Ол хабарламасында елбасы модернизация бағдарламасын ұсынып, оны іске асыруды бақылау туралы комиссия құратынын айтты. Алайда ол бұл ұсынысты өзінің үйреншікті әдісімен баяғы Министрлер кабинетіне ұсынса да, өкінішке орай, алтын уақыт зая кетіп, ол жақта талай бағдарлама құмға сіңген судай жоғалып жатқаны белгілі.

ЖЕКЕ ТҰЛҒА РОЛІ МЕН ТАРИХ РОЛІ

Елді индустриализациялау, жаңаша дамыту туралы пікірлер 2000-жылдардың басынан бастап айтылып келеді. Алайда айтылған сөз сол күйінде қалып, ешнәрсе іске асырылмады. Енді, міне, соның кесірінен тығырыққа тіреліп, шегінерге амал таппай отырмыз. Ендігі сұрақ: Н. Назарбаев елдің экономикасын ХХІ ғасырдың талаптарына сай етіп жаңарта ала ма, әлде оны сол күйзелген күйінде болашақ ұрпақтың еншісіне қалдыра ма? Бұл, әрине, тарихи мұрагерлік мәселесі.

Ал менің қалауымша, осы екеуінің алғашқысы орындалса деймін: Назарбаев өзінің биліктегі бар күш-жігерін елдің экономикасы мен саяси өмірін түбегейлі өзгертуге жұмсаса екен. Ол үшін елбасы ел экономикасын модернизациялау жөніндегі комиссияны басқаруды өз қолына алып, оны президент қарамағындағы басшылық орган етуі тиіс. Ал енді оның заңдылықтарға қарама-қайшы тұстары аса маңызды емес: біздегі заңдылықтар талай рет өзгертіліп жазылды емес пе, оны тағы бір рет өзгерте салу қиын емес. Ең маңыздысы – елдің қауіпсіздігі мен азаматтарымыздың амандығын қамтамасыз ету жолында мақсатымыз бен мүддеміз бірігіп, бір жерден шықса болды.

Сол себепті де алдағы парламент сайлауын осы мәселелерді іске асыру үшін пайдаланып, жаңадан сайланған депутаттардың жаңа реформалар жасау үшін өте қажет екенін айқындау керек. Модернизациялау жөніндегі комиссия өзінің заңдылықтары туралы актісі мен алдағы іс-шаралары туралы бағдарламаларын мәжілістің жаңа құрамына талқылауға ұсынуы тиіс. Ал мәжілісмендер өз кезегінде кәсіпкерлерге кедергі жасап, елде сыбайлас жемқорлықтың жандануына себепкер болып отырған бұрынғы заңдылықтардың күшін жоюы тиіс.

Оның үстіне кәсіпкерлердің бизнесін полицейлер мен прокурорлардың озбырлығынан сақтап, өз меншіктерін заңды түрде қорғауды қамтамасыз ету керек. Дәл сол заңдылықтарды қабылдауға атсалысып, сол үшін дауыс берген азаматтардың қазіргі көңіл-күйлері қандай екен?!

Міне, осы мәселелерді шешу жолында Н. Назарбаевқа күш-жігер ауадай қажет. Сонау 90-жылдары ол ешқандай өзгерістерден қорықпай, өзінің жоғары абырой-беделімен және қолындағы билігімен бар қиыншылыққа төтеп бере білді. Өзі де әртүрлі тәуекелдерге барды және басқаларға да оқыс қимылдап, нақты шешім қабылдауға кеңес берді. Соның салдарынан қазақстандық реформалар сәтті өтіп, экономика саласында ТМД елдерінің алдына шықтық.

Кеңес дәуірінен қалған жоспарлы экономика әдісінен арылу үшін Н. Назарбаевқа 25 жыл қажет болды. Қазіргі нарық еркіндігі әдісін таңдап алу жолында ол қателескен жоқ. Енді ол енжар қалған шикізат экономикасынан бас тартып, күннен-күнге дамып келе жатқан технологиялардың көшінде қалмай, оның нешетүрлі мүмкіндіктерін өз қажетіне жарата білуі керек.

АПАТТЫҚ ЖАҒДАЙДАҒЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУГЕ ҚАРСЫЛЫҚ

Қазақстандық «жоғарыдан төмен қарай жаңарту» әдісінің ең басты шарты – ұлттық компаниялар құрамындағы мемлекет үлесін жекешелендіру бағдарламасынан бас тарту болып саналуы қажет. Әрине, бұл жайында менің айтқаным күтпеген ұсыныс болуы мүмкін, бірақ та елдегі қазіргі қиын жағдайда дәл осы жекешелендірудің түкке де қажеті жоқ деп ойлаймын. Дей тұрғанмен, президент пен үкімет жекешелендіру туралы әлдеқашан жариялап, инвесторларға тиісті хабарлама жіберіп те үлгерді. Енді сол өтініш-хабарламаларды кейін қайтарып, оның себеп-салдарын анықтап түсіндіру керек.

Біріншіден, қазіргі жекешелендіру үрдісі елге ешқандай да пайда әкелмейді: шетелдік байыпты инвесторлар белшесінен ластанған біздің бизнеске бас сұқпайды. Ал қазақстандық заң жүйесі шетелдік капиталдардың қауіпсіздігіне ешқашан да кепілдік берген емес және бере алмайды. Тіпті салық салу және бақылаушы органдардың, жоғары жақтағы «көкелерінің» есепсіз озбырлығынан сақтаймыз деп те кепілдік бере алмайды.

Бұл жекешелендіру үрдісіне шетелдік ірі инвесторлардың орнына дүние жүзінің түкпір-түкпірінен қай-қайдағы алдамшы арамзалар ағылып, үкіметке болашақта «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» тудырамыз дегендей уәделерін үйіп-төгіп беріп жатыр. Шын мәнісінде олардың барлығының мақсаты бір – шамалары келгенше біздің алпауыт өнеркәсіп орындарын, жер асты байлығымызды тонау. Қазақстан өзінің тәуелсіздігін жариялағаннан бері елде мұндай алаяқ инвесторлардың қаншамасы болды десеңізші! Әрине, оның бәрін үкімет дер кезінде қуып отырды. Ендігі міндет – елдің асыл қазынасы, жер асты табиғи байлықтарымыз келешекте де ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейтіндей етіп сақтай білу.

Ал енді осынау «даңғаза жекешелендіруді» тоқтату үшін қарапайым ғана есеп жүргізу керек. Мәселен, мемлекеттік компаниялар жалпы халық игілігі үшін әлі де болса жұмыс жүргізе алады ғой. Сөз жоқ, елге табыс көзі қажет-ақ, елді адал жолмен тиімді түрде басқару арқылы ғана оған қол жеткізе аламыз. Олигархтар мен сыбайлас жемқорлар жайлап алған қазіргі экономика жағдайында көмек береді-ау деген сеніммен нарыққа қол созуға болмайды. Жемқорлардың көмек қолынан гөрі, «нарық қолы» қысқалау келеді.

Медицина тілімен айтқанда, қазақстандық қазіргі экономика жүйесіне жедел түрде хирургиялық ота да қажет, қарқынды терапия да қажет. Бұл тек экономиканы аяғынан тұрғызу үшін ғана. Одан әрі дүниежүзілік нарық көшінен қалмай, өз бетінше жүріп кетуі үшін әлі талай-талай көмек қажет.

Модернизация бағдарламасы әзірге жүріп тұрған шақта мемлекеттің ұлттық компаниялардағы барлық активтерін, оның үлесін Ұлттық жинақтық зейнетақы қорына аудару керек. Талай жылдар бойы әртүрлі ведомстволардың қарауына өткізіп, кейіннен «Самұрық-Қазынаның» еншісіне өткен орасан зор меншік мән-мағынасы жоқ халықаралық жобаларды қаржыландыру мен шенеуніктерді асырау үшін емес, енді халықтың игілігі үшін қызмет етуі тиіс. Егер де шетелдік инвесторлар өздерінің тікелей міндеттерін орындаудан бас тартқан болса, Қазақстан тіпті олардың алдына қойған шарттарын өзгертуге дейін баруы да мүмкін.

Әділдікті орнату (қайтару)

Қазақстанда өндірілетін барлық пайдалы қазбалар шын мәнінде халыққа тиесілі екені белгілі. Елдегі зейнетақы қоры мен әртүрлі әлеуметтік жүйелер дәл осы пайдалы қазбалар есесінен толтырылу керек болатын. Тіпті 90-жылдардың аяғында қабылданған зейнетақы реформасында да солай жобаланған еді. Табиғи байлықтан түскен табыс Ұлттық зейнетақы қорына жиналып, республика азаматтары жинақтарының негізін қалаушы бас институт ретінде саналып, елдің қаржылық жүйесін қамтамасыз етуі тиіс болатын.

Өкінішке орай, егер де 2000-жылдардың басында мұнайға деген сұраныс өршіп, жоғарыда аталған халықтық жобадан үкімет жасырын түрде бас тартпағанда, төл теңгеміз қазіргідей кенеттен құлдырамас еді. Содан бері жүздеген миллиард доллар қаржы Қазақстанның экономикасына құйылып, елге талай пайда келтіретін еді, әрі халыққа тиесілі зейнетақы мен әлеуметтік төлемдер де лайықты түрде төленіп тұратын еді.

Жинақтық зейнетақы қоры орасан зор ұлттық инвесторға айналып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп орындарын модернизациялау бағдарламаларын қаржыландыруы тиіс. Жаңадан ашылған кәсіпорындардың шаруашылық қызметінен түскен табыс халыққа төленетін зейнетақы мен әртүрлі әлеуметтік төлемдердің негізгі көзіне айналуы керек. Келешекте емес, әрине, керісінше, қазіргі зейнеткерлер мен жұмысқа жарамсыз әлеуметтік топтарға төленуі тиіс.

АҚШ пен Еуропа, араб елдерінің мұнайлы монархияларында, сондай-ақ Азиядағы демократиялық мемлекеттердің жинақтық зейнетақы қорлары осылай жұмыс істейді. Қазақстанда да солай болу керек. Сол себепті модернизация жөніндегі комиссия осы әдісті жүзеге асыруы тиіс. Өйткені ішкі қаржылық жүйені бір ізге келтірмейінше, ел экономикасын жаңарту мүмкін емес. Сондықтан да Ұлттық қор мен Жинақтық зейнетақы қорын біріктіру (интеграциялау) – осы бағыттағы алғашқы қадам болмақ. Қазақстан азаматтары тек сонда ғана өз туған елінің табиғи байлығының нағыз иесі атана алады.

Келісімге мәжбүрлеу

Қазақстан экономикасын модернизациялаудың екінші бір қуатты негізі – шетелдерге шығарылған капиталды елге қайтару. Бұл жерде әңгіме орасан зор сома жайлы, атап айтқанда, 9 млрд АҚШ доллары туралы болып отыр. Ол жөнінде жуырда қаржы министрінің өзі жария еткен болатын. Министрдің кімді бүркемелеп отырғаны белгісіз, алайда шетелдік құзіретті ұйымдардың есебі бойынша, 2004 жылдан 2013 жылға дейін Қазақстаннан 137,9 млрд АҚШ доллары шетелге шығарылған. Орташа есеппен жылына 13,7 млрд доллар. Ал 2004 жылға дейінгі сыртқа шығарылған қаржыны осыған қосатын болсақ, онда 200 млрд доллардан астам сома сыртқа шығарылды деп есептеуге болады.

Біз әріптестермен бірге бұл капиталдың Қазақстаннан қай жаққа және қанша шығарылғаны жайлы тарихты толық зерттеп, оны енді қайдан іздеу керектігіне дейін білеміз. Бізге оның бәрі белгілі екендігі жайлы ол капиталдардың иелері де біледі, әрі оны іздеп, елге қайтару жолында біз халықаралық заңдылықтардың бәрін қолдана алатынымызды да жақсы түсінеміз.

Сөйтсе де, талай жылдарға созылатын бұл айтыс-тартыспен, «қаржылық таласпен» ешкім де айналысқысы келмейді. Сондықтан да бұл халықаралық айқай-шудың алдын алу үшін, президент Н. Назарбаев сол капиталдың иелерімен, мемлекетпен және халықпен үшеуара келісім орнатуы керек. Сөйтіп, капитал иелері шетелге заңсыз шығарылған қаржыны осы келісім негізінде елдегі модернизациялау жөніндегі комиссияның арнайы есепшотына аудара алады. Олар ол сомадан нақты анықталған пайызда айыппұл төлейді де, қалған қаржы өздерінің меншігіне қалады. Кейіннен ол қаржыны Қазақстан экономикасын жаңарту туралы жобаларға инвестиция ретінде белгілі бір мерзімге сала алады.

Ал біз өз кезегімізде сол инвестициялардың пайда әкелетініне және олардың қауіпсіздігіне кепілдік беретін арнайы үрдісті ойлап таптық. Ол үрдіс мемлекеттің шетелдік инвесторларға беретін кепілдіктеріне ұқсас. Есесіне капитал иелері жазалау шараларынан арылады да, алдағы уақытта қандай билік болса да, олардың мұрагерлеріне дүние-мүлкін заңдастыруы туралы ешкім ешқандай шарт қоймайтын болады деген жалпыхалықтық кепілдік беріледі. Бұл келісім тек шетелге капитал шығарған шенеуніктерге ғана емес, сонымен қатар президенттің маңайындағы байлыққа кенеліп отырған жандайшаптары үшін де аса маңызды. Ал олар әзірге өз еліміздегі қауіпсіздікті қанағат тұтып жүр. Алайда ертеңгі күні билік ауыса қалса, бұл байлықтың бәрі мемлекеттен ұрланған болып есептеліп, талан-таражға түсуі ықтимал екендігіне ешкім сене бермейді. Әсіресе капитал иелерінің мұрагерлері сенімділік таныта алмайды.

Келісімнің тағы бір тиімді жағы – қазақстандық экономиканың ашық және таза болуы. Ешкім де өз байлығын жұрт көзінен тасада ұстамайды, әрі басы артық дүниесін басқа біреудің атына жаздырып әлекке түспейді. Мұндай әдістер капитал иелеріне аты-жөнін көрсетпей, бүркеншік атпен жүруге мүмкіндік бермейді. Оның үстіне көп уақыт пен қаржыны және адвокаттар мен бітімгерлерге тәуелді болуды талап етеді.

Талай жылдар бойы жинаған қаржысын шетелдерге шығару тіпті диктаторлар сияқты «ірі жемқорлардың» да қолынан келмеген. Мәселен, Каддафи мен Маркостың балаларына әкелерінің мұрасы бұйырмады. Олардың Швейцария банктеріне салған ақшалары Нигерия мен Перудің бюджеттеріне қайтып келді. Егер де жоғары өкілетті шенеуніктердің есепшоттарын ашуға сауалдар дұрыс жолдар арқылы талап етіліп, құжаттары дұрыс болса, онда бірде-бір мемлекет ол талаптан бас тарта алмайды.

Мұндай шындыққа біз Рахат Әлиевтің жан-жақтағы есепшоттарын іздеу-тексеру барысында көз жеткіздік. Сондықтан да қазақстандық олигархтар мен жемқорларға айтатынымыз: сіздердің шетелдегі капиталдарыңызға тек бір-ақ мемлекет қана кепілдік бере алады, ол – Қазақстан. Сол себепті де билікпен келісім-шартқа отырып, қажетті айыппұлды дер кезінде төлеп, өз еліміздің экономикасын көркейтуге үлес қосыңыздар!

Біз ұсынып отырған қоғамдық келісімде біздегі бай-олигархтардың да жағдайы қарастырылған. Ондағы келтірілген шарттар алда талай жыл бойы өз күшін жоймай, қала берері сөзсіз. Тіпті келешекте саяси атаққұмарлар қанша жерден қолқа салса да, шарт ешбір өзгеріссіз қала береді. Қоғамдық келісімнің көп бөлімі елде әділеттілік орнатып, бұрынғы түскен табыстардан халыққа тиесілі үлесін қайтарып беру мәселесіне арналған. Келісімнің шарттары халыққа өте түсінікті тілмен жазылған, сондықтан да халық онымен бірден келісуі тиіс.

Мұндай үрдісті жүргізу тек билік пен парламенттің ғана жұмысы емес, бұған президент Н. Назарбаев та атсалысуы керек. Ол дүние жүзі елдерінің алдындағы өзінің абырой-беделін, ел басқарушылық тәжірибесін пайдаланып, осы қоғамдық келісімді Испаниядағы «Пакт Монклоа» келісімі сияқты дәрежеге көтеруі тиіс. «Пакт Монклоа» келісімі испаниялық барлық саяси күштердің арасында елдің диктатурадан демократияға бейбіт жолмен өтуі үшін қабылданған болатын. Соның арқасында Испания азамат соғысы қаупінен құтылды. Біз де сол жолмен жүріп, мүмкіндігімізше елде азамат соғысы мен қаржылық дау-дамайды болдырмауға тырысуымыз керек.

Шетелдік инвестициялар

Қазақстан президенті жанынан құрылып, жұмыс істейтін экономиканы модернизациялау жөніндегі комиссия елге қазіргіден гөрі орасан зор инвестиция тарта алады. Елдегі шикізат көзі инвесторларды бұрынғыдай қызықтырмайды, ал ұзақ уақыт бойы пайда әкелетін жоғары технологиялық жобалар біздің елде жұмыс істемейді. Жаңа технология ретінде ұсынылған атышулы көптеген конференциялар бар-жоғы инвесторлардың күлкісін ғана келтірді.

Батыс елдерінде қаншама жаңа технологиялық жобалар бар, оларды енді тек жүзеге асыру керек. Ал ол технологиялар қай елде жүзеге асатыны – инвесторларға ұсынылатын шарттарына және жағдайға ғана байланысты: мүмкін, Оңтүстік Кореяда немесе Оңтүстік Қазақстанда. Әрине, Қазақстанда да өзіндік ерекшеліктер бар, бірақ ол аздық етеді. Инвесторларды қызықтыру үшін қосымша мүмкіндіктер тек инфрақұрылымды жақсартып, мемлекеттік әкімшілік жүйесінің сапасын және қазақстандық кадрлардың білім деңгейін арттырған жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Ал елді түбегейлі жаңарту жолында жаңа өзгерістер енгізу үшін Қазақстан «бенефициар» бола ала ма, жоқ па – ол осы мәселелерді қалай шешетініне байланысты.

Дүниежүзілік нарықта шикізат қоры ғана емес, сондай-ақ инвестициялық капиталдар қоры да артылып қалды. Оған мысал ретінде американдық S&P500 индексіндегі компанияларды келтіруге болады. Бұл 500 компанияның есепшоттарында 2,4 трлн доллардың жобалары өз кезегін күтіп жатыр. Мен батыстық экономистер және бизнесмендермен жүргізген келіссөздер нәтижесінде байқағаным: елдегі жаңа индустриялық жобаларға жыл сайын 10–12 млрд доллар келіп, Қазақстанның индустриялық дамуын қаржыландырып отыр.

Шенеунікті жетілдіру

Модернизация жөніндегі комиссияны басқару қаншалықты қиын болатынын президент Назарбаев сезіп отыр. Өйткені оған тек интеллектуалды түрде дамыған адамдар тобы ғана емес, барлық құрылымдардың басшылары да қарсы шығуы мүмкін. Ал ол шенеуніктер талай жыл бойы билікте жылы орында отырып, өздері де талай ұрлық-қарлық жасағанын және басқаға да ұрлық жасауға себепкер болғанын Назарбаев көрмей-білмей отырған жоқ. Әрине, біледі. Тіпті олардың кескін-келбетінен де шетінен жемқорлар екенін, қылықтары адамгершілікке жат, ұятты, заңды аяққа басып, тек өздерінің қара бастарының қамын ғана ойлайтын адамдар екені білініп-ақ тұр...

Осындай мінездемеден кейін, әрине, сондай адамдармен мемлекеттік маңызды мәселелерді шешуге бола ма деген сұрақ өздігінен туындайды. Ал мен болады деп жауап берер едім. Кезінде авиаконструкторлардың біріне Сталин айтқандай, «басқа министрлер жоқ, осылардың өзін басқаша жұмыс істеуге мәжбүрлеу керек». Шенеунік деген – айтқаныңды істейтін адам ғой. Ең бастысы – дұрыс тапсырма беріп, соның дұрыс орындалуын қатаң түрде қадағалау керек.

Еске алатын болсақ, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Батыс Германияда демократиялық мемлекеттің басшылығына кезінде Гитлерге қызмет еткен бұрынғы шовинистер келді. Ал Қытайда Дэн Сяопиннің тұсында жаңа экономиканы коммунист-шенеуніктер жүзеге асырды емес пе? Қалай десек те, біздің шенеуніктердің олардан қай жері кем?

Егер де тезірек дәйекті түрде қимылдайтын болсақ, онда жаңаша өзгерістер шенеуніктердің жаңа тобын тудыратынына мен кәміл сенемін. Жемқорлық деген – жүре-жүре жұқтыратын кәдімгі дерт сияқты. Ол ұрпақтан-ұрпаққа берілмейді, керісінше, дұрыс өмір сүрмегендіктен пайда болады. Елде талай жыл бойы ақылды, адал басшылар емес, керісінше, алаяқ және қу адамдар басқаратын жүйе қалыптасып қалды. Енді осыдан кейін егер де елге жаңа өзгерістер енгізетін болсақ, онда шенеуніктердің қылықтары да өзгермейді дейсіз бе?! Олар бізге әлі талай-талай тамаша ұсыныстар жасайтынына мен сенімдімін. Осы жөнінде Дэн Сяопиннің айтқаны бар: «Мысық қандай түсті болғаны маңызды емес, ең бастысы – ол тышқан ауласа болды».

Кәсіпкерлер еркіндігі

Таяуда Қазақстанда тағы да бір мереке күні белгіленді – Алғыс айту күні. Сол күні кімге алғыс айтылғаны есімде жоқ, дегенмен де, алғысты шын мәнісінде елдегі кәсіпкерлерге – шағын және орта бизнес өкілдеріне айту керек. Өйткені олар ешқандай да қиындыққа, ешқандай да дағдарысқа қарамастан, бюджеттен ақша сұрамастан, күнделікті қаржылық қауіп-қатерге төзе біліп, өздерінің бизнесін жүргізіп келеді. Ертеңгі күні елді жаңарту кезінде нағыз ауыртпалық дәл соларға түсері анық.

Қазіргі заманғы технологияларға сай өндіріс орындарын ашу өмірге жаңа бизнес көздерін, сәйкесінше, жаңа жұмыс орындарын ашуға да мүмкіндік беріп, әлеуметтік ортаны жандандыра түседі. Соның нәтижесінде жоғары технологиялар өмірге келсе, жұмыс орындары азаяды деген мақұрым ұғым келмеске кетеді. Әйтпесе Жапонияны баяғыда-ақ жұмыссыздық жаулап алар еді.

Модернизациялау бағдарламасында ірі-ірі кәсіпорындарға инвестиция жасау мәселелерімен қатар, өз кәсібін жаңадан бастап келе жатқан жас кәсіпкерлерге көмек көрсету мәселесі де қарастырылған. Осыған байланысты шағын және орта бизнесті қорғау, оларға жеңілдіктер беру және жеке инвестициялардың орнын тез арада толтыру туралы заңдылықтар мәжіліс талқылауына ұсынылады.

Біздің бизнесмендердің ойынша, олардың жаңа өндіріс орындарын іске қосу үшін кеткен шығындарының орнын мемлекет толтыруы тиіс. Бұл дұрыс. Тіпті қаржымен қайтармаса да, мысалы, жаңадан ашылған өндіріс орындары әбден аяққа тұрғанша, мемлекет оларды салық салу бұғауынан босатуы тиіс. Немесе олар алғашқы табыстарына қол жеткізгенше, олардың салықтарына жеңілдіктер беруі тиіс.

Алайда әзірге түрмелер мен тергеу изоляторында көптеген кәсіпкерлер азап тартып, қасірет шегіп жатқанда, мұндай игі бастамалар түкке тұрғысыз болып саналады, одан ешқандай да нәтиже шықпайды. Сондықтан да Модернизациялау жөніндегі комиссияның ең біріншіден шешетін мәселесі – «шаруашылық қылмысы үшін» темір торда қамауда жатқан азаматтарға рақымшылық жасалып, оларды қапастан құтқару керек. Өйткені олардың бәрі – «жасаған қылмыстарына қарамастан», кезінде мемлекеттік-олигархиялық жүйенің қыспағына түсіп, соның құрбанына айналғандар. Қандай сот оларға үкім шығарып, кімдердің қабылдаған заңдылықтары бойынша сотталғанын ешқашан ұмытпау керек.

Прокуратура мен полиция, әсіресе қаржы полициясы әлдеқашан шенеуніктердің қолшоқпарына айналған, сол арқылы олар елдегі шағын және орта бизнес өкілдеріне бақылау жасап, олардың табыстарына көз сүзіп отыр. Сондықтан да алдағы уақытта құқық қорғау органдарына қандай да бір заңдылықтарды қабылдауға тыйым салу керек. Дәлірек айтқанда, Қазақстан полицейлі мемлекетке айналмауы керек.

Негізі, «шетелдік» капиталдарға рақымшылық жасалып жатқанда, өз ішіміздегі қарапайым кәсіпкерлерге рақымшылық жасау деген не тәйірі?! Ал үкіметтің жылы орындарына отырып алған шенеуніктердің байлығының қасында қайдағы бір кішігірім кәсіпкердің дер кезінде салығын төлемеуі деген тіпті үлкен мұхитқа тамшы тамызғанмен бірдей емес пе?! Сонда салық төлемейтін біреулер министрдің тағында шалқиып отырса, енді біреулері түрменің суық сәкісінде отырғаны – әділдік пе?!

Реформалардың адами өлшемі

Біз әріптестерімізбен бірге Қазақстан экономикасын жаңарту жөніндегі бағдарламаны талқылаған кезде «қазақ халқы осы бағдарламаны қабылдай ма, жоқ па?» деген сұрақ міндетті түрде өздігінен туындап отырады. Әрине, «стратегия-20, 30, 50», «кластер» деген данагөйлік бағдарламалардан кейін, дүниежүзілік алдыңғы қатарлы жиырма-отыз елдің санатына «кіргеннен» кейін, оның үстіне елімізді бірде барыс, бірде бүркіт деп шарықтатып қойған бағдарламалардан кейін бұл халық бірдеңеге сене ме?

Менің жауабым біреу-ақ: азаматтардың сенімсіздік танытуға құқығы бар, ал билік өз тарапынан сол сенімсіздік бұлтын сейілтіп, өздерінің жоспарларының нақты нәтижесін көрсетуі тиіс. Ол үшін кез келген бағдарламаны он жылға созбай, айналдырған жарты жылдың ішінде оның нәтижесін көрсетуі керек. Ал комиссия әрбір алты ай сайын өзінің жұмысына есеп беріп отыруы тиіс. Сонда алдағы жаңарту бағдарламасын «Қазақстан-2016» деп атауға болады. Ал келер жылғы жоспар – «Қазақстан-2017» болсын. Солай-солай кете береді. Сонда ғана Модернизациялау жөніндегі комиссияның жұмысын халық өзі-ақ бақылап отырады.

Сөйтіп аз уақыттың ішінде көптеген жетістіктерге жетуге болады. Мысалы, салық төлемдері мен жиындардың көлемін қайта қарауға болады. Кәсіпорындардың табыс көзіне салынатын салығын төмендетіп, ал компенсация көлемі үшін қаржыны шикізатты шетелге шығарып, оны өз елімізде өндірудің жолдарын таба алмай отырған компаниялардан алу керек. Ал аграрлық секторда табыс көзіне салынатын салықта әр аймақтардағы ауа райының жағдайына байланысты айырмашылықтар болуы мүмкін.

Модернизациялау бағдарламасының бірнеше бөлімдері елде бір, екі қабатты тұрғын үйлер құрылысына арналған, өйткені тек осылай ғана тұрғын үй мәселесін шешуге болады, әрі бұл бастама халықты жақсы өмір сүруге ынталандырады. Президент Н. Назарбаев бұл туралы жақында өзі жария етті. Алайда елдің экономикасын жаңартпайынша, бұл бағдарлама да өздігінен ешқандай нәтиже бермесі анық. Сондықтан да алдағы жылдарда әр адам басына 30 шаршы метр болатындай етіп (БҰҰ-ның шешімдеріне сәйкес), халықты толықтай тұрғын үймен қамтамасыз ету – Қазақстанның басты міндеттерінің бірі. Бұл жерде әңгіме барлық коммуналдық жүйелермен толық қамтылған, қазіргі заман сұраныстарына сай пәтерлер жайлы болып отыр.

Өкінішке орай, бюджетте бұған арналған қаражат жоқ. Тек қана экономиканы жаңартудан түсетін табыстарға орташа есеппен ипотека алуға болады. Сол себепті де аймақтарда құрылыс материалдарын өндіретін жеке меншік кәсіпорындар, сондай-ақ жалға алынған құрылыс техникасына қызмет көрсету компанияларын ашу жоспарланып отыр.

Елдегі инфрақұрылымдар мен транспортқа құйылған инвестициялар, құрылыс алаңдары үшін тегін берілетін жер, қол жетімді несие алу – осының бәрі талай жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан тұрғын үй мәселесін шешуге септігін тигізеді. Әсіресе үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас мамандар мен жас отбасыларына көмектеседі. Мейлі, бұл қарапайым ғана салынған үй болса да, есесіне оның іші бақытты жандардың күлкісіне толы болуы керек. Ал Астанадағы патша сарайы секілді салынған зәулім үйлердің сырты әдемі болғанымен, іші күңірейіп, ешқандай да жылылық белгісі сезілмейді, әрі бағасы да тым қымбат. Сондықтан да сырттан келетін шетелдік қонақтар таңқалатындай үйлерді салуды тоқтатып, халықты, жалпы алғанда, мемлекетті де өз қаражатына өмір сүруге дағдыландыру керек.

Модернизация бағдарламасының үкіметтің басқа бағдарламаларынан ең басты айырмашылығы – оның даму мақсаттарында. Бұл мақсаттар адамға түсінікті бірліктермен есептеліп алынған. Мысалы, адамның өмір ұзақтығына, азық-түлік өлшеміне, білім деңгейіне қарай. Ал адамға түсініксіз миллиондаған тонналарды мыңдаған долларға көбейтіп, оның нәтижесін қол жеткен дәреже тұту халыққа түкке де керек емес. Қанша дегенмен, Қазақстан – «мұнай-газ-уран өндіретін» қайдағы бір жеке меншік концерн емес, ол қазақтардың елі.

Біздің халыққа Скандинавия елдеріндегі сияқты жалпыға бірдей қолжетімді білім алу керек. Ол жақта білім алғысы келген әрбір оқушы университет қабырғасында да тегін оқып, жоғары білім алып шығады. Сол сияқты үкімет медицина саласына кеткен шығынды теңгемен емес, қазақстандық әрбір азаматтың өмірінің ұзақтығымен есептеуі қажет. Оны қайтсе де тым болмаса 75-ке дейін созу керек. Қазір қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы Сирия еліндегі сияқты – 68 жыл көлемінде. Ал Бангладеште өмір сүру ұзақтығынан екі жылға кем.

Қорытынды

Қазақстан қайткен күнде де экономикалық және қоғамдық өмірін жаңартады деп сенемін. Егер де президент Назарбаев тез арада мұндай шешім қабылдамайтын болса, келесі билік оны қалай да қолға алады. Өйткені Қазақстан өзінің тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын сақтап қалуы үшін басқа амал жоқ. Ұлан байтақ жеріміз, жер асты байлығымыз, бірнеше ғасырларға созылатын тарихымыз, әрұлтты халқымыз және дүниежүзілік ұлы державалармен көрші бола тұра, біз Африканың артта қалған мемлекеттері сияқты кедейшілікке өмір сүре алмаймыз, тіпті ондай өмір сүруге де тиісті емеспіз.

Дүниежүзілік нарықтан өзімізге тиісті орын алу үшін, бізге бір серпіліс қажет. Шетелден Қазақстанға қайтарылған қаржы сол үшін жақсы қаражат бола алады және оған қоса ұлттық қорлар мен шетелдік инвестициялардың қаржысы тағы бар. Басқа амал ойлап табылса, кәне?!

Бұл үрдістің тезірек және Н. Назарбаевтың қолдауымен басталуын неге жақсы болады деп жоримыз? Өйткені жаңадан келетін билік біздің өткен тарихымызбен санаспайды, олар жаңарту үрдісін өте қатаң жағдайда жүргізуі мүмкін. Келер басшыларда тіпті таңдау да болмайды: егер де біздің ел бұл үрдісті шамалы ғана тежейтін болса, ол қаржы сақтаулы жатқан елдің үкіметі оны кәмпескелеп, өз қажетіне жұмсауға толық құқығы бар. Сол кезде Қазақстан халқы өз үкіметінің бұл қателігін ешқашан да кешірмейді.

Сондықтан да ел экономикасын модернизациялау мәселесін мен келешек ұрпақтың еншісіне қалдырғым келмейді. Келешекте олардың жағдайы қазіргіден де қиынырақ болуы әбден мүмкін ғой. Алда болатын талай-талай өзгерістер оларды айналып өтпейді. Міне, біздің ұрпақ сол жақсы-жаман өзгерістерге тік тұрып төтеп бере алатындай, немесе оларды қабылдай алатындай жағдайда болуы үшін, қазірден бастап Қазақстан алдыңғы қатарлы дамыған, индустриалды елге айналуы керек. Ал оған қалайша қол жеткізу керек екенін біз білеміз, әрі толық мүмкіндігіміз бар. Оны президент Назарбаев та біледі, әрі қолынан келеді. Өйткені ол да өзінің балалары мен немере-шөберелері жайлы ойламайды емес – ойлайды. Енді сол үрдісті толығымен оңтайлы іске түрде асыру ғана қалды. 

«Общественная позиция»(проект «DAT» №12 (329) от 24 марта 2016 г.